Cот төрелігі академиясын тәмамдаған судьялар судьялық лауазымға кандидаттар алдында өз тәжірибесімен бөлісті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық сотында  судьялық лауазымға үміткерлер мен сот жүйесі мамандарының облыс судьяларымен жоспарланған кездесуі өтті. Кездесуді облыстық соттың судьясы, судьялыққа үміткер-тағылымдамашылардың жетекшісі Ғалия Ержанова жүргізді.

Ғалия Ғалиханқызы үміткерлерге қызмет істеп жүрген судьяларға және судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптардың айтарлықтай артқандығы туралы атап өтті. Ол судья болудың екі жолын атап көрсетті. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға түсу болса, екіншісі – судьялық лауазымға біліктілік емтиханын тапсыру. Кездесуде судья атанудың әр жолы саты-саты бойынша талқыланып, Академия бітірген судьялар өз тәжірбиелерімен  бөлісті.

Қостанай қалалық №2 сотының судьясы Арман Қабенов, Қостанай қалалық сотының судьясы Айнаш Бозжігітова және Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанара Тлеубаева өз тәжірбиелері туралы әңгімеледі.

Олар бүгінде осыдан бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда магистратураға түсу айтарлықтай жеңіл екендігін атап өтті. Мемлекет тарапынан судья болам деушілерге бар жағдай жасалып отыр, ал сот жүйесінің қызметкерлеріне артықшылықтар бар. Үш жылдық жұмыс өтілі бар сот отырысының хатшысы екі жыл Академияда оқыған соң заң саласында он жылдан астам өтілі бар және сот жүйесінде 5 жылдан артық жұмыс істеген өзге судьялық лауазымға үміткерлермен тең дәрежеде конкурсқа қатыса алады. Оқу мерзімінде оның жұмыс орны мен еңбек ақысы сақталады. Тәлімгер тағылымдамадан өту кезеңінде судья жалақысының 70 пайызы мөлшерінде төлемақы алып отырады.

Кездесу барысында Академияда кандидаттар үшін тиісті жағдайлар жасалғандығы, тек мақсатқа берік болып, өз білімін шыңдау керектігі айтылды. Өзге салада жұмыс істеп, кейін судья атанған заңгерлерден гөрі, сот жүйесінің жұмысын іштен жақсы білетін және судья болуға талпынатын сала қызметкерлері үшін кейін жұмыс істеу айтарлықтай жеңіл. Себебі, жылдар бойы сот отырысында жинақталған жұмыс тәжірбиесі өз пайдасын көрсетеді.

Облыстық соттың судьясы Ғалия Ержанова егер кандидат кәсіби және шығармашылық әлеуетке, ізгілікке, аяушылыққа, білімге ынталы, өмір бойына жаңалыққа жаны құмар адам болса, ол судья бола алатындығын атап өтті.

Кандидаттарға заңды білуден басқа, алға қойған мақсатқа жетуге деген сенімділік судья болуға алғышарт екендігі айтылды. Судья А.Қабенов төрт мәрте қатарынан Сот төрелігі академиясына оқуға түсе алмаған бір азамат соңында өз мақсатына жетіп, оқуды тәмамдап, бүгінде судья болып еңбек етіп жүргенін мысалға алды.

Заңнамаларды білуге қатысты тестілеуден өту кезінде, тапсырмаларды шешуде, психологиялық тест тапсыруда кандидаттардың артықшылықтары мен кемшіліктері анықталады. Осылайша, барынша іріктеуден өтіп, сыннан өткен үміткерлер ғана судья атанады.

Кездесу соңында судьялыққа кандидаттар мен сот мамандары судьяларға сауалдарын қойды. Іс-шараға қатысушылар пайдалы кездесу үшін ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. 

Қайнар: 
Сот төрелігі академиясы