Тарих

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

"Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 18-бабының 7-тармағына және 38-2-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Академия) құрылсын.

      2. Академияға жоғары оқу орнының ерекше мәртебесі берілсін.

      3. Академия қызметінің негізгі бағыттары:

      1) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыру;

      2) судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

      3) ғылыми қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен бірлесе отырып:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтының мүлкін Академияға беруді қамтамасыз етсін;

      2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

 

Президенті

Н.Назарбаев

    Қазақстанда сот біліміне әрқашан ерекше көңіл бөлінетін. Судьялардың біліктілігін арттыруды 1959 жылдан бастап Әділет министрлігі, ал 1994 жылдан 1997 жылға дейін Қазақ мемлекеттік заң академиясы өткізген.

    Арнайы оқу орнын құру 2001 жылы басталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы № 1557 қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты ашылды. Институтты Қазақ КСР, содан кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбетов Тамас Қалмұхамбетұлы басқарды. Институт 2002 жылдың 1 қаңтарында жұмыс істей бастады, оның тек алғашқы жылы бойынша шамамен 300 судья біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

    Қайта құру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 қыркүйектегі №1008 қаулысымен институтқа Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот академиясы мәртебесі берілді. Кейінен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 31 мамырдағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының кадрларын даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» №1583 Жарлығына сәйкес ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жанынан Сот төрелігі институты қызметін бастады.

    2015 жылдың мамырында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы - Ұлт жоспары жарияланды, оның 18-қадамында оқыту және сот практикасы мен оның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы қызметі арасындағы байланысты нығайту мақсатында Сот төрелігі институтын Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан бөлу қарастырылған.

    Ұлт жоспарын орындау мақсатында 2016 жылғы 18 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің №198 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды, оған жоғары оқу орнының ерекше мәртебесі берілді.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Академия қызметінің негізгі бағыттары айқындалған:

    1)   жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыру;

    2)   судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

    3)   ғылыми қызметті жүзеге асыру.