Сот төрелігі академиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Қажманұлы Асановтың қонақ дәрісі өтті.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2024 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Қажманұлы Асанов заң шығару саласындағы қарқынды жұмыс кестесіне және көптеген ағымдағы істерге қарамастан, Сот төрелігі академиясының магистранттарымен кездесу өткізуге және олар үшін қонақ дәрісін оқуға ізгі ниет білдірді.

Ж. Қ. Асанов Қазақстанның сот және құқық қорғау жүйелерін дамытуға және жетілдіруге елеулі үлес қосқан белгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі болып табылады.

Жақып Қажманұлы еңбек жолын Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамашы болып бастаған. 1986 жылдан бастап ол прокуратура органдарында мансаптық өсудің барлық сатыларынан, яғни Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі қызметінен 2016 жылы Қазақстан Республикасының Бас прокурорына дейін өтті. Әр жылдары ол мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарды – Әділет вице-министрі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2017 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы болды. Осы лауазымда жұмыс істеген жылдары Жақып Қажманұлы Қазақстанның сот-құқықтық реформасының бастамашылары мен жетекшілерінің бірі бола отырып, сот жүйесі жұмысының сапасын арттыруға зор үлес қосты.

Қонақ дәрісін ұйымдастырудың мақсаты болашақ судьяларды Ж.Қ. Асановтың сияқты мемлекеттік ауқымдағы тұлғамен, оның үлкен өмірлік және еңбек тәжірибесімен таныстыру болды.

Магистранттармен кездесу барысында дәріскер Жоғарғы Соттың Төрағасы қызметінде атқарған жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Лектор атап өткендей, жаңа заман талабы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында соттардың жұмысында түбегейлі өзгерістерді талап етті, бұл ретте туындаған қиындықтарды, оларды еңсеру жолдарын және алынған нәтижелерді атап өтті. Ол жүргізген сот реформасы барысында заңның үстемдігін қамтамасыз ету, судьялар кадрін сапалы іріктеу, соттардың сервисін жақсарту, электрондық сот ісін жүргізуді енгізу, артық бюрократияны жою, дауларды шешудің баламалы тәсілдері, судьялардың жалақысы мен әлеуметтік жағдайларын арттыру және т. б. мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жүргізілген сот реформасының негізгі қорытындыларын шығара отырып, ол одан әрі іске асыруды талап ететін бірқатар бағыттарды белгіледі.

Жақып Қажманұлы өз дәрісінде магистранттардың назарын құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құру жағдайындағы судьяның шешуші рөліне аударды. Оның пікірінше, кәсіби судья үш тілді білуі керек – сот актілері, татуласу және «сандар» тілдері.

Дәріс ашық әңгіме форматында өтті, презентациялық слайдтар диалог түрінде талқыланды, ал магистранттар талқыланған тақырып бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Дәріскер аудиторияның назарын жақсы ұғына отыра магистранттарды қызықтырған барлық сұрақтарға жан-жақты ашып толық жауап берді.

Болашақ судьялар үшін дәріс өзінің алдаңы кәсіби қызметінің әлемімен тығыз байланыста болудың тағы бір мүмкіндігі болды, өйткені жаңа ақпараттан басқа, қонақ дәрісі бұл – әрқашан жаңа тәжірибе және өзін-өзі жетілдіруге ынталандыру болып табылады.

Кездесу іскерлік және жайлы достық жағдайында өтті, оның соңында Академия ректоры З.Х. Баймолдина мен магистранттар Жақып Қажманұлына өте пайдалы, танымдық және қызықты дәрісі үшін өз алғыстарын білдірді.