Академияның Орталық жетекшісі Д.Кисикова терроризм және экстремизм мәселелері қаралған семинар-кеңеске қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сотта «Терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстық істерді қарауда туындайтын мәселелер» атты семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Жоғарғы Сот және жергілікті соттардың судьялары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, Жоғарғы Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Сот төрелігі академиясы және Құқық қорғау органдарының академиясы қатысты.

Семинар жұмысын аша отырып, А. Рахметулин қазіргі таңда мемлекет міндеттерінің бірі терроризм мен экстремизмнің қылмыстық-құқықтық көрінуімен күрес болып табылатындығын атап өтті.

«Талқылауға ұсынылып отырған тақырыптың өзектілігі радикалды топтардың шектен шығуы, олардың елеулі қаржыландыру арқылы қуаттануымен айқындалады. Біз шын мәнінде олардың әлеуметтік базасының кеңеюін, тұрақты топтардың құрылуын, қазіргі таңдағы әлеуметтік өмірдің ұзақ уақытты факторына айналуын көріп отырмыз және оларды елемеуге болмайды» - деді. А.Рахметулин сот практикасын қорыту экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстар санының өсуін растайтынын атап өтті.

Елбасының Жолдауында мемлекеттің негізгі басымдықтарының ішінде деструктивті құрылымдардың қаржыландырылуы және шетелдік террористік ұйымдармен  күрес, діни экстремизмді насихаттауды алдын - алу бойынша жұмыстарды, соның ішінде, Интернет пен әлеуметтік желілерде жүргізу кіреді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша бағдарлама қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізуді қарастырады. Осыған орай Жоғарғы Сот тиісті нормативтік қаулыны әзірлеуге кірісті. Онда осы «дөңгелек үстелдің» барысында әзірленген ұсыныстар ескеріледі.

Сөз соңында А.Рахметулин аталған шараның барлық мүдделі мемлекеттік органдар үшін диалог алаңы болып табылатынын атап айтты. Бұл күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Аталған іс-шарада сөйлеген сөзінде Сот төрелігі академиясының Судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлау, біліктілігін арттыру орталығының басшысы Дания Кисикова Академия 2014-2016 жылдардағы діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністермен байланысты істер, сондай-ақ, экстремистік сипаттағы қылмыстармен тікелей байланысты террористік сипаттағы қылмыстық істер бойынша сот практикасына талдау жүргізгенін атап өтті. 

Д.Кисикованың пікірінше, қазіргі таңда экстремизммен, терроризммен байланысты істер саны жалпы қаралған қылмыстық істер санының аз бөлігін құрайтындығына қарамастан, олардың барлығы Интернетті қолдана отырып жасалғандықтан, олардың таралу жылдамдығына байланысты әлеуметтік қауіптілігі күшті. Ол осы мәселеге байланысты Интернет-ресурстардағы экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оның таралуына қарсы іс-қимылдың өте өзекті болып отырғандығын атап өтті.  

Осы санаттағы қылмыстық істерді қарау экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстарды жасау мақсатында Интернет желісін қолдана отырып, экстремизм мен терроризмді дәлелдеу, аталған әрекеттерге дұрыс құқықтық баға беру, криминалистік, филологиялық-лингвистикалық, аудио-бейне-фоноскопиялық сот сараптамаларын тағайындау мен өткізу және т.б. мәселелер бойынша судьялардан айрықша білім мен дағдыларды талап ететіндігі де айтылды. 

«Бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мақсатында аталған санаттағы істерді сот қарау үшін судьяларға арнайы қосымша оқыту ұйымдастыруды талап етеді, бұл үшін аталған топтағы қылмыстар бойынша негізгі ұғымдарды нормативтік немесе заңнамалық бекіту қажет», - деді Д.Кисикова.

Академиясының Судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлау, біліктілігін арттыру орталығының басшысы Дания Кисикова терроризм, экстремизм ұғымдарын түсіндіру, электронды дәлелдемелерді қолдануға қатысты ұсынымдарды әзірлеу, оларды жинақтау және құқықтық баға беру ерекшеліктерін реттеу мақсатында тиісті Нормативтік қаулыны әзірлеу қажеттігін атап өтті. Себебі терроризмге қарсы іс-қимыл орнатуда сот органдары маңызды рөлге ие, сот төрелігін жүзеге асыру процесінде жасалған қылмыстарға құқықтық ден қою және жаңа қылмыстардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар бойынша жалпы және арнайы міндеттер шешіледі.

Семинар барысында: «Экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейту бойынша өзекті мәселелер, осы бағытта әскери соттардың мүмкіндігін қолдану», «Терроризм мен экстремизм туралы істер бойынша сот практикасы», «Ішкі істер органдарының экстремистік және террористік қылмыстарды ашу және тергеу практикасы туралы және осы саладағы күрделі мәселелер», сондай-ақ, «Діни экстремизм мен терроризм бойынша материалдарға сот-сараптамалық зерттеу жүргізудің ерекшеліктері», «Қазақстандағы экстремизм және терроризм» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.

Іс-шара шеңберінде бағдарламада аталған барлық бағыттағы талқылаулар бойынша сындарлы диалог орын алды. «Дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша бұдан былай сот-сараптамалық практикада ескерілетін ұсыныстар әзірленді.

Қайнар: 
сот төрегілі академия