Сот төрелігі академиясының басшылығы Жоғарғы Соттың жанындағы Халықаралық кеңестің үшінші отырысына қатысты өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың жанындағы Халықаралық кеңестің отырысы өтті. Іс-шараны Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми жүргізді. 

Отырысқа Халықаралық кеңестің мүшелері, еліміздің жоғары сот органының судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен жауапты қызметкерлері қатысты.

Отырысты аша келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми ағымдағы жылы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қаулысына сәйкес Кеңестің құрамы 15 адамға жаңарғанын атап өтті. Кеңес құрамына Ресей мемлекеттік сот төрелігі университетінің Қылмыстық сот ісін жүргізу бөлімінің меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Оксана Качалова, Англия және Уэльс (Ұлыбритания) Жоғары соттарының адвокаты, «Стратегиялық бастамалар орталығы» серіктестігінің серіктесі Кирилл Зенин, Таллин округтық сотының және Евроджаст қадағалаушы сотының судьясы           Павел Гончарев қосымша мүше болып кірді.

«Кеңес Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Жұмыс істей бастағанына бір жылдан сәл астам уақыт өткеніне қарамастан Халықаралық кеңес институт ретінде қалыптасты. Оның қызметі халықаралық практика тұрғысынан сот төрелігін жүзеге асыру жұмысына ұсынымдар мен тұжырымдар беруімен маңызды», - деді Қ. Мәми.

Кеңес мүшелерінің белсенді қызметінің нәтижесінде алғаш рет  инвестициялық дауларды қарау бойынша әдістемелік түсіндірулер әзірленді, инвесторлардың қатысуымен болатын даулар бойынша белгілі бір ұсынымдар әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдар өкілдері мен инвесторлардың қатысуымен кездесулер өткізілді, нақты сот істері бойынша процестік заңнама шеңберінде  қорытындылар әзірленді.

Сондықтан 2017 жылғы жұмыс жоспарында сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізудің өзекті мәселері енгізілді.

Жоғарғы Соттың мамандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева отырыс қатысушыларына өткен жылдағы Кеңес жұмысының негізгі нәтижелері және алға қойылған жоспарлары туралы баяндады.

Кездесудің негізгі күн тәртібіндегі мәселелерге көше отырып, Қ. Мәми сот жүйесін жаңғыртумен қатар, реформалау сотта мүдделерге өкілдік ету институтына ықпал етуі тиістігін атап өтті. «Бұл мәселенің өзектілігі осы жылдың басында Республика Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысында аталып өтілген болатын. Сондықтан да Халықаралық кеңес сотта мүдделерге өкілдік етуді реттеудің шетелдік озық тәжірибесін осы институтты заң қызметін көрсету саласын одан әрі жетілдіру барысында енгізу тұрғысынан зерделеуді жоспарлап отыр», - деді ол.

Осы тақырып бойынша отырыс барысында «ҚазБар» Қазақстандағы коммерциялық заңгерлер қауымдастығының басқару кеңесінің төрағасы, Халықаралық кеңестің мүшесі                 Айгүл Кенжебаева сөз сөйледі.

Келесі спикерге сөз ұсына отырып, модератор құқықтық мемлекеттердің рейтингісі заң үстемдігі индексі, соның ішінде, қылмыстық сот төрелігінің көрсеткіштері бойынша анықталатындығын атап өтті. «Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның қазіргі таңдағы қылмыстық саясаты ізгілендіруге және қылмыстық құқықтық бұзушылықтарды декриминализациялауға бағытталған, соның ішінде шын мәніндегі бас бостандығынан айыру жазасы айыппұл салу жазасына ауыстырылуда», - деді Қ.Мәми.

Кеңес мүшелері мен Жоғарғы Сот судьяларынан құралған тиісті жұмыс тобы жүргізген талдаудың негізгі бағыттары мен басты тұжырымдары туралы Халықаралық кеңестің мүшесі Оксана Качалова баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бір апта ішінде өз ұсыныстарын берулері керек, бұл ұсынымдар орындау үшін барлық мүдделі құрылымдарға жолданатын болады. Отырыс барысында сөйлеген сөздердің мәтіндері мен ұсынымдар Жоғарғы Сот сайтының тиісті бөлімінде орналастырылатын болады.

Отырыстың ресми бөлігін қорытындылай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы салтанатты жағдайда Кеңестің неғұрлым белсенді мүшелері Айгүл Кенжебаеваны, Йорг Пуделька, Куртис Мастерс мен Жұмагелді Елубаевты Халықаралық кеңес жұмысына белсене қатысқаны, көрсеткен кәсібилігі мен республиканың сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Қайнар: 
Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі